Ол бұл тапсырманы Әділет министрлігінің бүгінгі алқа мәжілісінде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мұндай орталық бізге қажет. Себебі біздің тіл қазір дамып келеді. Бір терминді, әсіресе жаңа сөздерді әрбір лингвист маман өз бетінше аударып келеді. Кей-кейде Әділет министрлігінің аудармасын Премьер-Министр Кеңсесімен, Парламентпен, Президент Әкімшілігімен келісу қиын дүние», деді алқада Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, әріптес елдердің және біздің мемлекеттің аудармашыларының дауласуының нәтижесінде газ құбырының құрылысына қатысты келісімді бір жыл бойы Парламент арқылы өткізу қиын болған. «Әрине, бұл біздің дамуымызды, соның ішінде біздің ұлттық тіліміздің дамуын тежейді», деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, мұндай орталықты құру туралы ұсынысты бүгінгі алқа мәжілісінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Рахмет Мұқашев айтты.