Үкімет басшысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өңірлердің жұмысын сынға алды

АСТАНА. ҚазАқпарат -Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру тетіктерін  түзетуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша халыққа тиісті деңгейде ақпарат жарияланбай отырғанына және оған банктердің қатысу белсендігінің төмендігіне назар аударды. Біз осы мәселені бірнеше мәрте талқылаған болатынбыз. Өңірлердің көбісі құрылыс салушылар несиелерін субсидиялауға және ипотеканы қолдау бағытын жүзеге асыруға кіріспеген де. Сонымен қатар жеке құрылыс салушылармен жұмыстар тиімді атқарылмай отыр», - деді Б. Сағынтаев.

Үкімет басшысы бұл бағытта екінші деңгейлі банктермен жұмыстар тиісті деңгейде іске асырылмай жатқанын сынға алды.

Оның сөзіне қарағанда, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылар саны мен кезекте тұрғандарды ескерместен, өңірлер арасында қаржының әркелкі бөлінісі жалғасуда.

«Сондықтан Инвестициялар және даму министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен және өңір әкімдерімен бірлесе 1 қазанға дейін бағдарлама тетіктерін түзетуді қарастыратын Үкімет шешімінің жобасын енгізуді тапсырамын. Сонымен қатар Инвестициялар және даму министрлігі Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірге бағдарлама тетіктерін ақпаратттық сүймелдеу бойынша медиа-жоспарды бекітуі тиіс. Әкімдіктер осы жұмысқа белсенді түрде араласуы қажет», - деп атап өтті Премьер-Министр.