Үкімет басшысы облыс әкімдеріне қысқы маусымға дайындық барысындағы кемшіліктерді түзетіп, шұғыл жинақылануды тапсырды
11:54, 13 Қыркүйек 2010
АНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Үкімет басшысы облыс әкімдеріне қысқы маусымға дайындық барысындағы кемшіліктерді түзетіп, шұғыл жинақылануды тапсырды. Бұл тапсырманы бүгін Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов берді.
Қысқа дайындық мәселесі бойынша барлық облыс әкімдеріне, ұлттық компанияларға, министрліктерге бүгінгі жиында айтылған кемшіліктерді түзетіп, шұғыл жинақылануды тапсырған Үкімет басшысы: «Өйткені қыс түседі, таяу күндері қар жауады. Сондықтан жіті қадағалаңыздар. Біз келіскенбіз, кемшіліктер болса ренжімеңіздер», деп нықтай түсті.
Сондай-ақ, Премьер-Министр мектептердің жаңа оқу жылына және қысқы маусымға дайындығы бойынша комиссия тексерісінің өткендігін айтып, оның қорытындысы таяу арада шығарылатынын ескертті.
Сөз соңында қысқы маусымға дайындық барысын жіті қадағалауды тағы бір ескертіп, «Әлсіз тұстарыңызды нығайтыңыздар. Егер, өз күштеріңізбен еңсере алмасаңыздар, онда басқа шаралар қабылдаймыз», деді Премьер-Министр.