Үкімет басшысы облыс әкіміне еліміздің басқа өңірлерінен келген азаматтарды жұмыспен қамтудың барлық мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды
14:24, 25 Қаңтар 2009
АҚТАУ. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Соңғы үш жыл ішінде Маңғыстау облысындағы кәсіпорындарда 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл өткен жылдың экономикалық көрсеткішінде еңбекпен қамтылғандар санын сақтап қана қоймай, тағы да 11 мың адамға арттыра түсуге мүмкіндік берді. 2009 жылы кемінде 8 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.
Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыс әкімдігінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен жиында жасаған баяндамасында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Күні бүгін өңірде жұмыс істейтін барлық ірі және орта кәсіпорындарда жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде 56 меморандумға қол қойылды. Жұмыс берушілер жұмыстан босатуға мәжбүр қызметкерлерді келесі бір қажетті мамандықтарға мүмкіндік беретін кәсіби оқытуды ұйымдастыру жөнінде өздеріне міндеттемелер алды. Бұл шаралар барлығы 65 мыңнан астам жұмысшылар мен қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін сақтауға септігін тигізді», деді облыс әкімі. Өңірдегі жұмыспен қамту шараларына қанағаттанатынын білдірген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Маңғыстау облысының әкіміне еліміздің басқа өңірлерінен жұмыс іздеп келген Қазақстан азаматтарын еңбекпен қамтудың барлық мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. «Еліміздің өзге өңірлеріндегі жұмыссыздық ахуалы барлығында бірдей Сіздердегідей жақсы емес, сондықтан да алдағы уақытта өзге облыстардан Маңғыстауға табыс көзін іздеп келетін Қазақстан азаматтарының қатары артуы мүмкін. Осыған байланысты оларды жұмыспен қамтуды назардан тыс қалдырмауды тапсырамын», - деді Кәрім Мәсімов.