Үкімет басшысы өңірлердегі өнер ұжымдарының мәселесіне назар аударуды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов өнер ұжымдарында қордаланған мәселелердің шешімі бойынша ұсыныстарды мұқият талқылауды тапсырды.

«Бүгінгі Үкімет отырысында аймақтық тетрларды дамытуға байланысты жақсы әрі қажетті әңгіме болды. Орынды ұсыныстар айтылды. Оны Мәдениет және ақпарат министрлігі мұқият жан-жақты қарап, Үкімет хаттамасына кіргізуі керек», - деді Премьер-Министр.

С. Ахметов өнер ұжымдарының мәселесіне байланысты ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімшіліктер назарға алуы тиіс екенін тапсырды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед заман талабына сай ғимараттардың болмауы театрлардың басты проблемасына айналып отырғандығын айтқан болатын. Сонымен қатар, министр отандық театрлардағы күрделі проблемалардың бірі жалақы мәселесі екенін қадап айтты.