Үкімет басшысы өртке қарсы қызмет саласында еріктілер дружинасын құру мәселесін көтерді

амыздың 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Үкімет үйінде өткен селекторлық кеңес барысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов өртке қарсы қызмет саласында еріктілер дружинасын құру мәселесін көтерді.

«Мен бүгін Үкімет отырысына әзірлену барысында азаматтық қорғаныс саласы бойынша әлемдік тәжірибелерді бір шолып шықтым. Әлемнің кейбір мемлекеттерінде негізгі кәсібі азаматтық қорғанысқа қатысы жоқ, әртүрлі мамандықтағы азаматтарды өртке қарсы қызмет бойынша сертификаттау тәжірибесі жүргізіледі екен. Яғни, ондай азаматтар арнайы курстардан өтіп, ерікті түрде өртке қарсы қызметтерді жұмыс істей алады», деген Үкімет басшысы, дәл осы мәселені елімізде енгізуге қатысты Төтенше жағдайлар министрінің пікірін сұрады.

Өз кезегінде министр Владимир Божко бұндай шара өрт қауіпсіздігі үшін үлкен резерв болатынын айтып, шетелдіктердің осы тәжірибесі зерделенгенін де алға тартты. «Мәселен, Францияда өрт сөндірушілердің жартысынан астамы еріктілер. Әрине, бұл санаттағылар белгілі бір жеңілдіктерге ие, әлеуметтік тұрғыдан қорғалған әрі оларға белгіленген мөлшерде зейнетақы да тағайындалады. Және бұл аса құрметті мамандық болғандықтан да ондай іске жұртшылыққа сыйлы, беделі бар азаматтарды қабылдайды», деді В. Божко. Министрдің айтуынша, өрт қауіпсіздігі туралы қолданыстағы заңға соңғы рет өзгерістер енгізілгенде өртке қарсы еріктілер дружиналарын тарту және бұл санаттағылардың әлеуметтік қорғалуын қалыптастыру мәселелері күшейтілген. «Яғни, біз бұл бағдарда жұмыс атқаруды қолға алып келеміз», деді Төтенше жағдайлар министрі.

Осыған байланысты Үкімет басшысы мәселенің мәнісін жете талқылауды жүктеп, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. «Менің ойымша, бұндай жұмысқа барғысы келетін еріктілер көп. Дамыған елдерде де бұл үлкен сұранысқа ие. Біз де осы бағытта жұмыс атқаруға тиіспіз», деді К. Мәсімов.