Үкімет басшысы Павлодар облысының әкіміне: Мәселе бақылаудан шығып кеткен бе

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа тұрғын үйледі пайдалануға берудегі кемшіліктерді жоюды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың айтуынша, 8 айдың қорытындысы бойынша өңірде 2 көрсеткішті қоспағанда барлық индикатордың оң динамикасы сақталуда. Құрылыс саласында «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ бесінші энергоблокты қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын кешеуілдетуіне орай құрылыс жұмыстарының көрсеткіші 3,6 пайызға төмендеген.

«Тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны 12,7 пайызға төмендеді. Бұл тағы да «ЕЭК» корпорациясының қаражаты есебінен салынып жатқан 5 үйдің, атап айтқанда Павлодарда - 1, Екібастұзда - 1, Ақсуда 3 үй пайдалануға беру мерзімінің бірнеше рет ауысуымен байланысты. Мұнан басқа үй құрылысы комбинаты салып жатқан 2 бюджеттік үй бойынша артта қалу бар. 9 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштерді түзейміз», - деді Болат Бақауов.

«Болат Жұмабекұлы, Сіз ылғи мәселе менің жеке бақылауымда дейсіз. Бұл жолы айтпай қалдыңыз. Бақылаудан шығып кеткен ғой деймін. ЕЭК кінәлі, тағы біреу кінәлі, бюджетті салған кінәлі болып жатыр. Сонда Сіз не істейсіз? 9 айдың қорытындысында өзгеріс болмаса не істейміз? Жауапкершілік кімде болады?»,- деді өз кезегінде Үкімет басшысы.

Осы ретте Павлодар облысының әкімі жауапкершілікті өз мойнына алатындығын айтып сендірді.