Үкімет басшысы сәуірге дейін «Doing Business» рейтингінде индикаторларды жақсарту шараларын пысықтауды жүктеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов сәуірге дейін «Doing Business» рейтингінде Қазақстан индикаторларын жақсарту бойынша жұмыстарды пысықтауды тапсырды.

«Бес кодекске, үш заңға және он бір заңға қосымша актіге өзгерістер енгіземіз. Сондықтан да бұл бағытта уақыт шектеулі екенін атап өткім келеді. Жалпы, Үкімет мүшелеріне Кешенді жоспардың жобасын мақұлдауды ұсынамын. Осы орайда ҚР Өңірлік даму министрлігі мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдарға үш күндік мерзімде бекіту туралы бұйрық жоспарын келісіп, оны Премьер-Министр Кеңсесіне енгізуді тапсырамын»,-деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев қазіргі кезде аталған Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін заңнамалық актілерге барлық өзгерістер даяр тұрғанын жеткізді.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингі индикаторларын жақсарту жөніндегі шаралардың 2014 жылға арналған Кешенді жоспары ұсынылды. Осы рейтинг аясындағы жұмыстың негізгі мақсаты - индикаторлардың ұстанымдарын тек қана жақсарту емес, сонымен қатар аталған рейтингті бизнесті жүргізу үшін қолданыстағы әкімшілік кедергілерді анықтау мен талдау және оларды жою жөнінде қажетті шараларды қабылдау үшін тетік ретінде пайдалану. Министрдің айтуынша, 19 нормативтік құқықтық акті бойынша тізім қалыптастырылып, оның аясында бес кодекске, үш заңға, он бір заңға қосымша актілерге өзгерістер ескерілген. Осы өзгерістер қабылданған жағдайда экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық, энергетикалық, өндірістік қауіпсіздік саласында кейбір процедураларды жеңілдетуге мүмкіндік туады. «Рейтингте 189 мемлекеттің арасында 50 орында тұрған жоғары позицияға қарамастан, «Халықаралық сауда», «Құрылысқа рұқсат беру», «Энергиямен қамтамасыз ету жүйесіне қосылу», «Несие алу» индикаторлары тұрғысында көрсеткіштер төмен»,-деді Б. Жәмішев.