Үкімет басшысы ШҚО-ның жаңа тағайындалған әкімінің алдында қандай міндеттер тұрғанын атады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Шығыс Қазақстан облысының жаңа тағайындалған әкімін таныстырған Үкімет басшысы Әлихан Смайлов өңір активіне кейінгі 5 жылда облыс орнықты даму көрсеткіштеріне қол жеткізгенін атап өтті.

Бұл туралы ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,7 есе, жан басына шаққандағы ЖӨӨ 3,3 есе өсті.

«Облыста агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыз сумен қамтамасыз ету, туризмді дамыту жобалары сәтті іске асырылды. Ондаған әлеуметтік нысандар – мектептер, спорт кешендері, ауруханалар, соның ішінде ана мен бала, гематология, үстел теннисі орталықтары және басқа да көптеген нысандар салынды», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлік экономиканы дамыту бойынша жұмысты жалғастыру маңызды екенін айтты.

Мысалы, жаңа ұлттық жобалар аясында облыста 4,2 мың оқушыға арналған 10 жайлы мектеп және 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемесі салынады, сондай-ақ бір аудандық аурухана жаңғыртылады.

Сонымен қатар ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде аграрлық секторды, ауылдық инфрақұрылымды және кәсіпкерлікті нығайту, сондай-ақ шекара маңындағы аудандарда өмір сүру деңгейін жақсарту жөніндегі шаралар іске асырылатын болады.


Бұдан басқа әкімдіктің негізгі міндеттерінің қатарында тұрғындарды ауыз сумен және электрмен үздіксіз қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңғырту, сондай – ақ жергілікті жолдардың сапасын арттыру бар.

Сонымен қатар Премьер-Министр жылумен жабдықтау мәселелерін шешу тақырыбын қозғады.

«Өткен қыста Риддер ЖЭО-да қазандық агрегаттарында 81 авариялық жағдай тіркелді. Қала тұрғындарына қара суық түсісімен дұрыс жылу берілген жоқ. Бұл проблемаларды жаңа жылыту маусымы басталғанға дейін шешу керек. Осыған байланысты облыс әкімдігінің алдында Риддер ЖЭО-ны күрделі жөндеуді және алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету міндеті тұр», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, аймақтағы экологиялық ахуал да үлкен алаңдаушылық туғызады. Атап айтқанда, Өскемен бүгінде еліміздің экологиялық жағынан ең ластанған қалаларының қатарына кіреді. Сондықтан зиянды қалдықтарды азайту және табиғатты қорғау іс-шараларына инвестицияларды ұлғайту үшін өнеркәсіптік объектілерді жаңғырту қажет.

«Абай облысындағы соңғы қайғылы оқиғаларға байланысты өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару керек. ШҚО-да 3 млн гектарға жуық мемлекеттік орман қоры бар, сондықтан бұл мәселенің маңызы зор», — деп атап өтті Үкімет басшысы.