Үкімет басшысы солтүстік өңірлердің тыныс-тіршілігімен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аймақтарды аралап, елдің тыныс-тіршілігімен танысқан премьер-министр Кәрім Мәсімовтың жұмыс сапары астықты өңірлеріміз - Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жалғасты.

Үкімет басшысының Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында жұмыспен қамту, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау және еңбек көші-қоны мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Алдымен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен егінжай басында болып, шаруалардың жағдайымен танысқан үкімет басшысы астықты өлкедегі «Бабық Бұрлық» серіктестігінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арналған республикалық кеңес өткізді. Мүдделі мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктерінің өкілдері, ауылшаруашылық тауар өндірушілері қатысқан жиында премьер-министрдің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов егін шаруашылығындағы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

А.Мырзахметов Елбасының кәсіпкерлікті кеңінен дамытуға қатысты тапсырмасын орындау шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық әлеуетін пайдалану мақсатында министрлік қазіргі таңда жеңілдікпен несие беру және жеке қосалқы шаруашылық кооперативтерін субсидиялау құралдарын әзірлеп жатқандығын атап өтті. Аймақтарда жеке қосалқы шаруашылық кооперативтерінен көкөніс өнімдерін сатып алу және тұтынушыға сапалы өнім жеткізу үшін сервистік-дайындау орталықтары мен өнім сақтайтын қоймалар жүйесін қалыптастыру қарастырылып жатыр. Сондай-ақ электрондық астық қолхаттарын ендіру институттары қызметі де қарастырылуда.

Кеңестің қорытындысы бойынша Кәрім Мәсімов ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстар әкімдіктерімен бірлесіп агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, ауыл халқын жұмыспен қамту, АӨК-те өнім өндіру көлемін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу үшін жеке қосалқы шаруашылық әлеуетін пайдалану бағытындағы іс-шараларды қолға алуды тапсырды.

Сондай-ақ облыстар әкімдіктеріне майлы және жемдік дақылдардың үлесін арттыру арқылы егін алқаптарының құрылымын әртараптандыру туралы меморандумның орындалуын, егін шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамытуға инвестициялар тартуды қамтамасыз ету мақсатында шаралар қабылдап, жүзеге асыру тапсырылды.

Үкімет басшысы сонымен қатар осы сапар барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. К.Мәсімов соңғы уақытта өңіраралық және өңірлік, яғни ішкі көші-қон көлемі өсіп отырғандығына тоқталды. Осыған байланысты халықты ел аумағына тиімді орналастыру мәселесі өзекті болып отыр. Премьер-министр еске салып өткендей, осы ретте көші-қон мәселелері туралы заң қабылданып, ішкі қоныс аударушылар мен оралмандарға арнап өңірлік үлестемелер енгізілген. Үкімет биыл ақпанда еңбек күші жетіспейтін бірнеше өңірді айқындады, соның бірі - Солтүстік Қазақстан облысы. Биыл еліміз бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарларымен 417 мыңнан астам адам қамтылады. Бұл тұрғыда негізінен «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында атқарылатын шараларға 101 млрд теңге бөлінген.

Бүгінгі таңда 57 мың адам бағдарламаға қатысты. Солтүстік өңірде соңғы бес жылда Жұмыспен қамтудың жол картасына 36 мың адам қатысты. Оңтүстік өңірлерден облысқа 79 отбасы көшіп келді, бүгінде  900-ден астам отбасы көшуге дайын. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысындағы экономикалық белсенді халық саны 329 мың адамды құрайды, оның 313 мыңы еңбекпен қамтылған. Бұл 95 пайызды құрайды.

К.Мәсімов айтып өткендей, облыста ЖҚЖК - 2020 бағдарламасын жүзеге асыру әлеуметтік проблемаларды шешуге, халықты жұмыспен қамту және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне септігін тигізуі тиіс. Отырыс соңында Премьер-министр денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, ұлттық экономика, ақпарат және коммуникация министрліктеріне, сондай-ақ жергілікті атқару органдарына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Бұдан кейін Қостанай облысына келген үкімет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Премьер-министрдің жұмыс сапары Қостанай әуежайының қауіпсіздігін тексеруден басталды. Айта кетейік, өңірлерге сапары барысында К.Мәсімов көлік инфрақұрылымы нысандарында, атап айтқанда әуежайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін айрықша бақылауда ұстау қажеттігіне баса назар аударды.

Сонымен қатар, премьер-министр «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан шағын аудандағы тұрғын үй құрылысында болып, бірінші кезекте жұмыстың сапалы жүргізілуіне маңыз берілуі керектігін атап өтті. Мемлекет пен жеке инвесторлар тарапынан тұрғын үй құрылысы саласындағы белсенді саясат құрылыстың жоғары қарқынын сақтауға мүмкіндік беріп отырғандығын айта кеткен жөн. Облыс бойынша биыл бүгінгі күнге дейін 89,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл - өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 101,6 пайыз.
Бұдан әрі қаладағы машина жасау зауытында болып, өндіріс барысымен танысқан Кәрім Мәсімов экспортқа шығарылатын қазақстандық автокөліктердің руліне отырып, сынап көрді.

Премьер-министр Қостанай облысындағы жұмыс сапары барысында екі кеңес өткізді. Оның бірі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы аясында халыққа мемлекеттік қызмет көрсету мәселелеріне арналды. «Азаматтарға арналған үкімет» жұмыс істегелі бері айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекеттік қызмет істері министрлігі жүргізген зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, халықтың 79 пайызы ұйымның жұмыс сапасына риза.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арналған екінші кеңестің күн тәртібінде өңірдегі мал шарушылығының жағдайы және болашақ даму мүмкіндіктері қаралды. Үкімет басшысы кеңес қорытындысы бойынша облыста мал шаруашылығын дамыту жөнінде жергілікті атқару органдары мен мүдделі ведомстволар басшыларына нақты тапсырмалар берді.