Үкімет басшысы табиғи монополияларды реттеу саласында заңнаманы біріздендіруді зерделеуді тапсырды

А. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов табиғи монополияларды реттеу саласында заңнаманы біріздендіруді зерделеуді тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ықпалдастық бірлестіктерге қатысты мәселелерге тоқталған Премьер-Министр 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап еліміз Кеден одағына кіргенін, алайда ол сыртқы кедендік шекараларды ғана қадағалайтынын айтты. «Кеден одағының мемлекет басшылары шешім қабылдады. Елбасы біздің алдымызға екі жылдың ішінде яғни 2012 жылдың қаңтарынан бастап бірыңғай экономикалық кеңістікті құру үшін құжаттар даярлау талабын қойды», деді Үкімет басшысы.

Онда табиғи монополияларды реттеу барлық параметрлер бойынша біріздендірілуі керектігі айтылған. «Екі жыл өте тез өтуі мүмкін. Сондықтан қазір Ө. Шөкеевтің басшылығымен арнайы комиссия жұмыс істейді. Келіссөздер үдерісі басталды. Осыған орай бұл сәтті жіберіп алмауымыз қажет және осымен зерделі түрде жұмыс істеуіміз қажет», деді К. Мәсімов.

Себебі бұл біріздендіру көптеген тарифтер бойынша жүзеге асырылатынын жеткізген Үкімет басшысы тарифті қалыптастыру Ресейде қалай жүріп жатқанын қарастыру керектігін айтып өтті. Сонымен қатар Премьер-Министр бірыңғай тарифпен жұмыс істеу үшін бізге қазақстандық өндірісшілерге бірыңғай бәсекелестік ортаны қалыптастыру бойынша мәселені қарау керектігін жүктеді.