Премьер-Министр өз сөзінде Алматы Универсиадасын өткізу барысында үлкен жұмыстар атқарылып, қаланың тыныс-тіршілігіне қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.
«Мұны не үшін айтып отырмын? Біз ЕХРО көрмесін үш ай бойы өткізуіміз керек. «Мұнша көп қаржыны несіне шығындадық?» деген күмәнді түсінемін. Баяндамада айтылғандай, бөлінген 13 млрд. теңгенің (Универсиада ойындарына бөлінген қаржы - ред.) 4 млрд. теңгесін үнемдегеннің өзінде Алматы қаласы үлкен пайда тапты. Ал бұл жерде ЕХРО-дан Астанаға ғана емес, бүкіл еліміз зор пайда көретін болады», - деді Сағынтаев.
Осы ретте Үкімет басшысы қазірден бастап барынша жинақы бола отырып, еліміз үшін имидждік шара саналатын ЕХРО-ны жоғары деңгейде өткізу қажеттігін баса айтты.
«Біз оны да жоғары деңгейде өткіземіз деп ойлаймын»,- деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар ол Алматы Универсиадасын ұйымдастырушыларға және зор спорттық жеңіске жеткен спортшыларымызға ризашылығын білдірді.
«Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігіне Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларына сыйақыларды дер уақытында төлеуді тапсырамын. Сәйкесінше қаулы дайындап, созып алмай, Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізіңіздер», - деді Сағынтаев.