Үкімет басшысы Жамбыл облысының өндірісімен танысты
Стансада бүгінде отыздан астам адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта нысанның қуатын 100 мегаВаттқа дейін ұлғайту жоспары бар. Бұл 30 мың ауланы жарықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, осы өңірдегі электр энергиясына деген тапшылықтың болмауына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Биылғы жылдың алты айында 16 млн кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Айтпақшы, «Burnoe Solar-1» ЖШС-нің күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып есептелетінін мақтанышпен айтуға болады. Басты ұраны «жасыл экономика» болып отырған ЭКСПО-2017 көрмесінде бұл станса жұмысы облыста баламалы энергия көздерін таратудағы ең тиімді жобалардың бірі ретінде таныстырылмақ.
Халық шаруашылығында химия өнімі қолданылмайтын сала сирек. Ол, әсіресе, ауыл шаруашылығын өркендету үшін аса қажет. Егістікке фосфор тыңайтқышын енгізу қызылша өнімділігін - 40, мақтаны - 23, күздік бидайды - 11, жүгеріні - 20, күрішті - 15 және бақша дақылдарын 40 пайызға арттыратыны ғылыми негізде дәлелденген. Бүгінгі таңда еліміздегі агроқұрылымдардың қарамағындағы егістіктерді құнарландыру үшін ғана 1 млн 200 мың тонна минералдық тыңайтқыш қажет екен. Өкінішке қарай, экономикалық қиындықтарға байланысты егістікке тыңайтқыштың қажетті мөлшері енгізілмей келеді.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Қазфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар» зауытында көшпелі мәжіліс өткізіп, химия өнеркәсібін дамыту мәселесін талқылады. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев химия саласының жетістігі мен мәселесін сараптап айтып берді. Бұл салаға жауапты басшылар да өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Бүгінде 449,2 гектар жерді алып жатқан бұл кәсіпорын өнімінің негізгі бөлігі отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасы бойынша ішкі нарықта сатылады. Сонымен қатар, Қытай, Украина, Беларусь және Тәжікстан нарықтарында сатылып, Ауғанстан, Қырғызстан, Румыния, Чехия, Болгария, Иранның фосфорлы тыңайтқыштар нарықтарына шығару жөнінде ауқымды жұмыстар қолға алынуда.
- Кейінгі кезде химия өнеркәсібін өркендету ел экономикасының қарыштап дамуына қол жеткізетін маңызды бір сала екені іс жүзінде дәлелденді, - деді «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің жамбылдық жастармен кездесуі барысында қазіргі жас ұрпақтың болашаққа батыл әрі ашық көзқараспен қарайтынын анық аңғардық. Ашық-жарқын әңгіме барысында жастар жағы отандық бизнесті қолдау, алыс ауылдарға аттанған жас мамандар жайын, жұмыссыздықты жою, талантты жастарды қолдау, жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, отандық кинопрокатты дамыту мәселелерін қозғады. Кездесу өте емін-еркін өткендіктен болар, жастар Үкімет басшысын «Жайдарман» кешінің қонағы болуға шақырып, Кәрім Мәсімов алдағы уақытта Астана қаласында өтетін КТК ойындарына міндетті түрде қатысып, көрермен ретінде тамашалауға уәде берді.
Бұл күні Премьер-Министр Жуалы ауданындағы «Гамбург» ЖШС-нің жаңбырлатып суару технологиясын пайдалана отырып, жем-шөп дақылдарын өсіру жөніндегі жобасымен және облыстық жергілікті полиция қызметінің жұмысымен танысты. Ірі қара мал басын көбейтуді мықтап қолға алған «Гамбург» ет, сүт, шұжық шығару өндірісі, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсібімен де айналысады. Ал 1280 сақшысы бар жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігі, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, әкімшілік құқық бұзушылық пен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары бағыттары бойынша бел шешіп қызмет етуде.
Сапарының соңында К.Мәсімов Тараз қаласындағы «Көне Тараз» археологиялық саябағындағы мұражай мен ежелгі қала орнында жүргізілген қазба жұмыстарының барысымен танысып, ашық алаңда жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Әңгіме Тараз қаласының тарихы, туризм мәселесі, жастар тәрбиесі төңірегінде өрбіді. Өткенімізге ізет, бүгінгі ұрпаққа зор мақтаныш болған бұл саябақ - былтыр ғана Тараз төрінде дүбірлеп өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының басты сыйлығы болатын. Көне шаһардың, шежірелі өлкенің тарихынан сыр шертетін бұл саябақтың құрамына ашық аспанасты мұражайы, «Достық үйі», шолу мұнарасы мен «Мыңбұлақ» сквері кіреді.