Үкімет басшысы жерге қатысты барлық мәселелерді бір жылдың ішінде реттеуді тапсырды

АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Жер ресурстарын басқару агенттігіне 2010 жылдың ішінде жер қатынастары мәселелерін түбегейлі реттеуді тапсырды. Ол бұл тапсырманы аталмыш Агенттіктің бүгінгі кеңейтілген алқа мәжілісінде берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Премьер-Министрдің айтуынша, енді бір жылдан кейін елімізде жер қатынастары саласындағы қордаланып қалған ешқандай мәселе болмауы тиіс. Үкіметте оларды реттеу жөнінде ережелерге, заңнамалық мәселелер бойынша айқын ұстаным болуы тиіс. «Соңғы 2-3 жылдағы дағдарыстық құбылыстар жер жөніндегі мәселелердің реттелуіне тынығуға мұрсат берді. 2005-2007 жылдарды еске алатын болсақ, жерге қатысты таңертең бір баға болса, кешке баға екі есеге қымбаттады. Бұл қазір басылды. Заманында екі жеп биге шыққандар, қазір не істерлерін білмей, дал болып отыр. Себебі, бұның бәрі тоқтап қалды. Алайда бұл көпке созылмайды. Бір жыл, мүмкін екі жыл осылай тұрар. Сондықтан бізге жер қатынастарына қатысты барлық дүниелерге, ережелерге, ұстанымдарға түбегейлі нүкте қою керек. Себебі, енді екі-үш жылда жерге қатысты іс-қимылдар қайтадан жандана бастайды. Ол кезде бұрынғы проблемалар қайта туындауы мүмкін», деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің пікірінше, қазір жер қатынастарына қатысты мәселелерді реттейтін «алтын уақыт». «Жерге деген қызығушылық қазір аздап бәсеңсіді. Оның құны да қазір басқаша. Үш жыл бұрын Алматы мен Астана қалаларының төңірегінде жер жағдайы қалай болғанын білеміз, жердің төңірегінде үлкен ақшалар айналыста болды» деген Үкімет басшысы, сол кездегі проблемалар жер қатынастары мәселесіндегі ережелердің түгелге дерлік реттелмеуінен туындағанын атап көрсетті.