Үкімет басшысының ағымдағы аптадағы жұмыс кестесі

АСТАНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен брифинг барысында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев ҚР Үкіметі басшысының ағымдағы аптадағы жұмыс кестесімен таныстырды.

Оның сөзіне қарағанда, бүгін Премьер-Министр Серік Ахметов «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтудың іске асырылуы мәселелері жөнінде кеңестің кезекті мәжілісін өткізеді.

«Ал, ертең С. Ахметовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтеді. Оның барысында кәсіпкерлік пен бизнес ахуалды жақсарту мәселелерін талқылау жоспарланған», - деді ресми өкіл.

Сонымен қатар, 12 наурызда Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болады. Оның барысында әлеуметтік-экономикалық даму, зейнетақы жүйесін жетілдіру, жаңа қаржылық несиелік саясат пен жаңа бюджеттік саясат тұжырымдамасы секілді маңызды мәселелер талқыланбақ.

«Ал 14 наурызда Премьер-Министр жұмыс сапарымен Алматыда болады. Оның аясында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен нақты сектордың нысандарына барады деп көзделуде. Сапар барысында Үкімет басшысы іскерлік топ өкілдерімен кездесіп, қаланың даму мәселелері бойынша отырыс өткізеді», - деді А. Әбибуллаев.