Үкімет басшысының құрмет белгісімен марапатталды

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат - Бүгін 2011 жылы өтетін 7-ші Азия ойындарын өткізу және дайындалу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің отырысы болды.

Онда 2009 жылы қазанның 2-9-ы аралығында Дүниежүзілік туристік ұйым Бас ассамблеясының 18-ші сессиясын ұйымдастыруда және өткізуде сіңірген еңбектері үшін бірқатар азаматтар ҚР Премьер-Министрдің құрмет белгісімен марапатталды. Бұл ақпаратты ҚР Спорт және туризм министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.

Марапатталғандар арасында ҚР Спорт және туризм министрі Т.Досмұхамбетов, Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев, Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев, Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхамед, Ішкі істер министрі С.Баймағанбетов, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т.Мұсабаев, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының, Ақмола мен Қызылорда облыстарының әкімдері бар.

Айта кетейік, Қазақстан посткеңестік және Орталық Азия аумағында осындай мәртебелі ұйымның алқалы жиынын ең бірінші болып өткізді. Әлемдік деңгейдегі туристік форумға 146 елдің өкілі қатысып, оны Елбасы Н.Назарбаев құттықтау сөзімен ашты. Спорт және туризм министрінің айтуынша, Бас ассамблея еліміздің туристік және инвестициялық тартымдылығының артуына мүмкіндік берді.