ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келмек.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, вице-премьер алдымен Қарашығанақ газмұнайконденсаты кенішіне ат басын тіремек. Содан кейін Березов орта мектебі педагогикалық ұжымы және ата-аналармен кездеседі.
Б.М.Сапарбаев Орал қаласында сапарын жалғастырып, гемодиализ орталығында, «Ғибадат» ЖШС ұлттық жиһаз цехында, Зачаган кентіндегі №10 орта мектеп пен жуырда ашылған «Заңғар» балабақшасында болмақ. Сондай-ақ 1200 орындық жаңа мектеп құрылысымен, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті балық шаруашылығы ғылыми зертханасы мен политехникалық колледж жұмысымен таныспақ.
Сапар соңында өңірдің әлеуметтік саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес болмақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).