Үкімет басшысының орынбасары тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жетілдіру үшін жеке инвестицияларды тартуды ұсынды

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қорындағы нысандардың тозуы 60-80 пайызды құрайды.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл саладағы қаржыландыру тиісті деңгейде емес екенін жеткізген ол, осы бағыттағы жағдайды түзеу үшін жергілікті бюджет ресурстары жеткіліксіз екенін, сондай-ақ бұның салдары коммуналдық сектор жұмысына кері әсерін тигізіп отырғандығын атап өтті. С. Ахметовтың айтуынша, орын алып отырған проблемаларды кешенді түрде шешу үшін 2009-2011 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын кешенді жетілдіру тұжырымдамасын қабылдау қажет. «Сонымен бірге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын қайта қалпына келтіру және жаңарту бойынша жұмыстарды жүйелік қаржыландыру мәселесін шешу керек. Әкімдіктердің мәліметтері бойынша, бұл жұмыстардың құны 500 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Инвестицияның мұндай көлемін тек бюджеттік қаржы салымдары есебінен қамтамасыз ете алмаймыз және бұл жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасауды қажеттілік етеді»,- деді ол. Коммуналдық саланы жақсарту үшін кешенді шешімдер қабылдау керектігіне тоқталған С. Ахметов, «біріншіден, мемлекеттік-жекеменшік тетіктерін пайдалану арқылы коммуналдық қызмет көрсету нарығын құру, екіншіден, бұл сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша тиісті шараларды жүзеге асыру, үшіншіден, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында ресурс үнемдегіш технологияларды пайдаланудың тиімді жүйесін құру, сондай-ақ коммуналдық шаруашылықты жетілдіруде мемлекеттік қолдау бойынша шараларды әзірлеу мәселелерін қамту қажет», - деді Оның сөзіне қарағанда, жергілікті атқару органдарының мақсаты - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстарды жергілікті бюджеттерден қаржыландыру басымдықтарын қамтамасыз ету. С. Ахметов 2009-2011 жылдарға арналған коммуналдық секторды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу үшін жұмыс тобын құру жөнінде ұсыныс жасады.