Үкімет басшысының осы аптадағы жұмыс жоспары

None
АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев Үкімет басшысы Серік Ахметовтің ағымдағы аптадағы жұмыс жоспарымен таныстырды.

Атап айтқанда, 18 наурызда Премьер-Министрдің төрағалығымен азаматтық авиация мен жаңа бюджеттік саясат мәселелеріне қатысты отырыс өтеді. Бұдан бөлек, 19 наурызда С. Ахметовтің төрағалығымен өтетін Үкімет отырысында электронды Үкіметті дамыту бойынша мәселелер қарастырылады. Осының аясында ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өздерінің қызметіндегі мекемелердің атқарған іс-шаралары бойынша ақпарат береді.

Сонымен қатар 19 наурыздағы Үкімет отырысы барысында ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысын талқылау жоспарлануда. Бұл бағытта атқарылған және атқарылатын жұмыстар туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баяндайды.