13:42, 30 Наурыз 2009
Үкімет бизнес қоғамдастықтарды жаңа Кеден кодексінің жобасын талқылауға белсенді атсалысуға шақыруда
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Үкіметі республикамыздағы бизнес қоғамдастықтарды және салалық қауымдастықтарды жаңа Кеден кодексі тұжырымдамасының жобасын талқылауға белсенді түрде атсалысуға шақыруда.
Мұндай ұсыныс бүгін Астанада өткен жаңа Кеден кодексі тұжырымдамасының жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстелде вице-премьер Ербол Орынбаев тарапынан айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Сәуір айының ішінде біз құжатты ведомствоның ішінде пысықтап, мамыр-маусым айларында оны салалық қауымдастықтармен және бизнес қоғамдастықпен талқылауды жоспарлап отырмыз», деді өз сөзінде Е. Орынбаев. Осы орайда вице-премьер құжаттың жобасын талқылау жұмысына қазірден бастап кірісу қажеттігін айтты. «Салық кодексін талқылау нәтижесі бізде бәрінің үн-түнсіз жататынын, тек соңғы сәтте, құжатты Парламентке ұсынуға айға жуық уақыт қалғанда кенеттен белсенділіктің пайда болатынын, бұл өз кезегінде жұмысқа көптеген қолайсыздықтар туғызатынын көрсетті», деді өз сөзінде Е. Орынбав.Айта кетейік, жаңа Кеден кодексі тұжырымдамасының жобасын Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Қаржы министрлігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген. Былтыр қыркүйекте Үкімет басшысының бұйрығымен вице-премьер Е. Орынбаев басқаратын Кеден кодексінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылған болатын.Бүгінгі талқылау барысында Е. Орынбаев жаңа Кеден кодексі қабылданғасын Қазақстанда 2012 жылға қарай кеден органдарының тауарларды тексеру уақыты 20 пайызға дейін төмендейтінін атап көрсетті. «Жаңа Кеден кодексі қабылдануының нәтижесінде қандай нәтижелер күтеміз: шекаралық бекеттерде кедендік өңдеудің орташа уақыты 75 пайызға қысқарады, ішкі кедендердегі кедендік тазартудың орташа уақыты 75 пайызға төмендейді, кеден органдарының тауарларды тексеруінің орташа уақыты 2006 жылғы 70 пайыздан 2009 жылы 40 пайызға дейін, ал 2012 жылы 20 пайызға дейін төмендейтін болады», деді ол. Оның айтуынша, шекаралық және кедендік тазартуға қажетті құжаттардың саны импорт бойынша 2006 жылғы 14-тен 2009 жылы 10-ға, ал 2012 жылы 7-ге дейін қысқарады деп күтілуде.