Үкімет дәрігерлердің жалақысын қалай көтереді - Біртановтың жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аталған бастаманы іске асырудың бірнеше жолы бар. Алайда министрлік өз тарапынан тегін медициналық көмектің ақшасын арттыру арқылы дәрігерлердің жалақысын көтеруді көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінде дәрігерлер, мейірбикелер және тағы басқа медицина мамандарының жалақысын көтеру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында билік өкілдері де, сарапшы мамандар да бар. "Әрине, жалақыны көтерудің әдістемелік жолдары бар. Бірақ бірінші мәселе, ол - тарифті көтеру (тегін мемлекеттік көмектің ақшасын - авт.). Қазіргі кезде біз тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Алдағы бірнеше айдың ішінде барлық тарифтерді қайта қараймыз. Мысалы, алғашқы медициналық көмек деңгейіндегі тарифтерді көтеру керек. Ал үлкейтілген тарифтер алдымен мамандардың жалақысын көтеруге жұмсалуы қажет. Оған бәріміз бақылау жасаймыз. Себебі 85 процент медициналық мекемелердің жалақысы бас дәрігердің қолында. Мүмкіндіктер көп. Өкінішке қарай, бас дәрігерлер соның бәрін дұрыс пайдаланбайды", - деді Е.Біртанов кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Айта кетейік, бұған дейін министрліктің тапсырысы бойынша дәрігерлердің қазіргі орташа жалақысы анықталып, оны нақты қай межеге дейін көтеру қажеттігі белгіленген болатын. Зерттеуге сәйкес, дәрігерлердің жалақысы 200 мың теңгеден кем болмауы тиіс.