Үкімет елімізде адам капиталын дамыту мәселелерін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында еліміздегі адам капиталын дамыту мәселелері қаралды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.

«Үкімет отырысында адам капиталы бойынша жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін арттыру туралы, оның ішінде білім саласына қатысты да мәселелер қаралды. Жақында ғана жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік индексі жарияланып, біздің еліміз онда 50-ші орынға тұрақтады. Ал білім беру саласындағы 13 индикатордың жетеуінде біз өткен жылғы көрсеткіштерден біршама жоғарыладық», - деді ол.

Б.Балықбаевтың сөзіне қарағанда, ғалымдардың қолжетімділігі индикаторы 15, ал білім беру жүйесі сапасының көрсеткіші 12 позицияға көтерілген. Бұл еліміздегі білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі десек те болады.

«Дегенмен, алдағы уақытта Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз бұл көрсеткіштерді жақсарта түсуіміз керек», - деді Т.Балықбаев.