Үкімет еліміздегі азық-түлік бағасын ырықтандыруға қатысты бірқатар шаралар қабылдағалы жатыр

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет еліміздегі азық-түлік бағасын ырықтандыруға қатысты бірқатар шаралар қабылдағалы жатыр.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.

«2011 жылы халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдарының болжамы бойынша инфляция мен азық-түлік тағамдарына бағаның өсімі жоғары қарқында болатындығы айтылған еді. Мұның өзі дамып келе жатқан мемлекеттер үшін үлкен проблема болмақ. Ал еліміздегі азық-түлік бағасының өсіміне бірнеше себептер бар болып отыр. Ең бастысы, бұған әлемдегі азық-түлік тағамына бағаның өсуі әсер етуде. Мәселен, Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша биылғы 1 ай ішінде азық-түлік тауарының бағасы 29 пайызға өскен. Оның ішінде мұнайға әлемдік бағаның құбылуы да азық-түлікке әсер етеді»,-деді Ж. Айтжанова.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні Үкімет тарапынан азық-түлік бағасын ырықтандыруға қатысты бірқатар жұмыстар атқарылуда. «Біріншіден, қысқа мерзімді шаралар қарастырылады. Бұған орай әкімдіктер жанындағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға қаражат бөлініп, олар халықты арзан бағадағы жеміс-жидекпен және көкөніспен қамтамасыз ететін болады. Екіншіден, сырттан келетін азық-түліктің импортына баж салығын төмендетуді қарастырып жатырмыз. Бұл ретте Кедендік одақтың комиссиясында көкөністердің бірқатар түріне салықты төмендету туралы шешім қабылданған болатын. Алдағы уақытта тағы да басқа азық-түліктерге импорттық бажды төмендетуге ұсыныс жасап отырмыз. Үшіншіден, елімізде азық-түлікті толық қамтамасыз ету, импорттық тәуелділіктен арылып, бағаны қалыпты ұстау үшін ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге кешенді субсидиялар қарастырмақпыз. Бұл туралы тиісті ұсыныстар министрліктерге жасалып жатыр»,-деді Ж. Айтжанова.