Үкімет еліміздің 5 жылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мақұлдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің нақты өсімі 4,1 пайызды құрайтын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020-2021 жылдары инфляцияның жылдық нысаналы дәлізі 4,0-6,0 пайыз деңгейінде сақталды. Ал 2022-2024 жылдары ол дәліз 3,0-5,0 пайыз шегінде болады. Жұмыссыздық 2024 жылы 4,7 пайызға дейін төмендейді. Макроэкономикалық болжамның негізінде 2020-2022 жылдарға арналған бюджет параметрлері мен Ұлттық қордың болжамы әзірленді», - деді Руслан Дәленов еліміздің 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстыру барысында.

Оның айтуынша, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді қоспағанда) 2020 жылы 8,0 трлн теңге сомасында, 2021 жылы – 8,6 трлн теңге, 2022 жылы – 9,4 трлн теңге сомасында болжанады. Бюджет тапшылығын 2020 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,1 пайыз, кейіннен 2021 жылы – 1,5 пайызға дейін және 2022 жылы – 1,0 пайызға дейін төмендетілген мөлшерінде белгілеу ұсынылады.

«Мұнайлық емес тапшылық 2020 жылы жалпы ішкі өнімнің 7 пайызына дейін, кейіннен 2022 жылы – 5,1 пайызға дейін төмендейді. Осы параметрлерді есепке ала отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы 12,7 трлн теңге, 2021 жылы 13,2 трлн теңге, 2022 жылы – 13,6 трлн теңге көлемінде белгіленді», - деді ол.