Үкімет еңбек нарығында кәсіби қатерлерді басқарудың заманауи жүйесіне көшеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздер туралы конвенцияны (187-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, аталған Конвенцияны қабылдауға қажетті жағдайлар мен алғышарттар елімізде қалыптасқан. «Өйткені, бүгінгі күні қызметкерлер денсаулығы зақымдануының кәсіби қатер деңгейі өзекті мәселеге айналып отыр», - дейді ведомство басшысы. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда қамтылғандардың әрбір бесіншісі зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеп отыр.

«Қазіргі уақытта Үкімет еңбекті қорғауды басқарудың орнын толтырушы, шығынды үлгісінен, өндірістегі қызметкерлердің денсаулығын сақтаудың первентивтік тәсілдерін іске асыруға және қолайсыз еңбек жағдайларымен байланысты шығыстардың барлық түрлерін қысқартуға мүмкіндік беретін жұмыстарды жүргізуде. Бұл кәсіби қатерлерді басқарудың заманауи жүйесіне көшуді білдіреді. Осы мақсатта Халықаралық еңбек ұйымының 187 конвенциясын ратификациялау ұсынылады», - дейді министр Т.Дүйсенова.

Оның айтуынша, еңбекті қорғаудың қолданыстағы жүйесі мен еліміздің заңнамасы конвенция ережелеріне сәйкес келеді. Қазіргі уақытта еліміздің еңбекті қорғау саласындағы ұлттық саясаты өндірістік қызмет нәтижесіне қарағанда, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауға негізделген.

«Жалпы, еңбекті қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерді қабылдау әлеуметтік жаңғырту қағидаларына жауап береді және бұл Елбасының қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталып отыр», - дейді Тамара Дүйсенова. Тоқтала кететін жайт, аталған конвенцияны Халықаралық еңбек ұйымына мүше 25 ел, соның ішінде ТМД аумағында Ресей мен Молдова ратификациялаған.

Парламент Мәжілісі мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.