Үкімет енді заң жобаларының жоспарын Елбасы Жолдауынан кейін ғана бекітетін болады
Бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен заң шығару қызметін жетілдіру мәселелеріне арналған Үкімет сағаты барысында Әділет министрі Берік Имашев осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында былтырғы жылы 3 заң жобасы дайындалған. Сонымен қатар, Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 22 заң жобасын әзірледі. Дегенмен, былтырғы жоспарда 36 құжат әзірленуі тиіс еді. Оның 14-і жоспардан алынып тасталған.
«2012 жылдың заң жобалау жоспарына келсек, биыл Үкімет 34 заң жобасын даярлауды көздеп отыр. Оның ішінде Әділет министрлігі 7 заң жобасын әзірлейтін болады», - дейді Берік Имашев.
Алдағы жоспарларға тоқталған министр, енді Үкімет заң жобаларының жоспарын тек жылсайынғы Мемлекет басшысының Жолдауы жарияланғаннан кейін ғана бекітуді көздеп отырғанын жеткізді. «Өздеріңізге белгілі қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, Елбасы Жолдауынан кейін Парламентке міндетті түрде қандай да бір заң жобасын ұсыну қажеттігі туындайтын болып жүр. Бұл Үкіметтің заң шығару жоспарын өзгеріске түсіреді», -дейді Б. Имашев.
Оның айтуынша, Парламентке жоспардан тыс енгізілетін заң жобалары да әжептәуір проблема туғызады. Мәселен, былтыр мемлекеттік органдармен жоспарда қарастырылмаған 22 заң жобасы ұсынылған.