Үкімет есебі: Былтыр әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалды

Фото: Фото: t.me/Kzgovernment
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр мемлекет өзінің әлеуметтік және басқа да міндеттемелерін толық көлемде орындады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатасының 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарастыру кезінде Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылғы республикалық бюджет туралы Үкімет есебі Мәжіліс пен Сенатта жете талқыланып, қарастырылды. Былтыр пандемиядан кейін экономиканың жандануы байқалды. Жалпы Ішкі Өнім 3,3% өсті. Көптеген негізгі салаларда оң нәтижеге қол жеткізілді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі 3,4%, құрылыс саласы 9,4%, көлік 3,9%, ауыл шаруашылық 9,1%, сауда 5% өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7,9% ұлғайды. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері атқарылды.

Түсімдер 102,1% атқарылып, 16,1 трлн теңге болды. Шығыстар 98,6% игерілді және 18,5 трлн. теңгені құрады», - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, бюджет тапшылығы Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда 2,3% құрады.

«Жалпы алғанда, мемлекет өзінің әлеуметтік және басқа да міндеттемелерін толық көлемде орындады», - деді министр.

Сонымен қатар ол Жоғары аудиторлық палатаның Үкімет есебіне берген негізгі ескертулеріне түсініктеме берді.

«Бюджеттің кіріс бөлігіне тоқталсақ, Жоғары аудиторлық палата салық жеңілдіктері есебінен бюджетке түспеген қомақты қаражатты көрсеткен. Бұл ретте, осы салық жеңілдіктерінің көбісі стандартты саналады және жалпы әлемдік тәжірибеге сәйкес келетінін атап өту керек. Дегенмен, салық жеңілдіктерін айқындау, оңтайландыру және мониторингтеу бойынша Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары Үкіметтің жұмысында, сондай-ақ жаңа Салық кодексін әзірлеу шеңберінде ескерілетін болады. Екіншіден, Қорытындыда экспорттық-импорттық статистикадағы алшақтық және көлеңкелі экономика бойынша қабылданған шаралардың жеткіліксіз әсері туралы көрсетілген. Жалпы, әлемдік тәжірибеде барлық елдерде тауарлардың сыртқы саудасының кедендік статистикасы деректерінде әріптес елдермен сәйкессіздіктер бар. Бұндай алшақтықтың негізгі себебі сыртқы сауда статистикасын қалыптастырудың әдістемелік ерекшелігінде. Дегенмен, алшақтықтарды азайту мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Тауарларға арналған декларацияларды бақылау және шығару үшін кедендік функцияларды орталықтандыру жүзеге асырылды. Бұл бақылау шаралары бойынша орталықтандырылған шешім қабылдауға, өткізу пункттеріндегі жедел ахуалға қашықтан мониторинг жүргізуге мүмкіндік беріп отыр», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, экспорттық декларациялар бойынша онлайн-алмасу жүргізіліп жатыр.

«Бұл Қытай Халық Республикасынан келе жатқан тауарлар туралы алдын ала ақпарат алуға мүмкіндік береді. 2022 жылдың басында Президент кеден саласын тәртіпке келтіруге қатысты тапсырма берген болатын. Тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілген жұмыстың нәтижесінде былтыр тек Қытайдан келетін тауарлар бойынша бюджетке 465 млрд теңгеге кедендік төлемдер мен салықтар түскен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 60% артық. Сонымен қатар, еліміздегі көлеңкелі экономика деңгейін төмендету үшін кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ретте тек кейінгі 4 жылда бюджетке қосымша 3 трлн теңгеден аса қаражат түсті», - деді Е. Жамаубаев.