«Мен бүгін реформаларымызды жүзеге асырудағы бірқатар олқылықтарға, түйткілдерге тоқталдым. Негізгі мәселе – жұмыстың сапалы орындалмауында. Сол себепті нақты нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз. Оның түрлі себебі бар. Кейбір мемлекеттік қызметшілер, басшылар өз жұмысына селқос қарайды, белсенді емес. Өзіне жауапкершілік алудан тартынады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент бұл кемшіліктер бюджет қаржысын игеру ісінде қатты байқалып тұрғанын айтты.
«Олар жұмысты сапалы орындауға емес, тапсырманы дер кезінде бақылаудан алуға баса мән береді. Соның зардабын бәріміз тартып отырмыз. Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын жыл сайын бағалау жүйесін енгізуді тапсырды.
Мемлекет басшысы жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында 811 адам болғанын айтты.