Үкімет халықтың біліктілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуде - К.Мәсімов

АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстан азаматтары Үкімет жүзеге асырып отырған барлық ауқымды бағдарламаларға қатысуы үшін өздерінің кәсібилігі мен біліктіліктерін арттыруы керек.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Эксперт-100-Қазақстан» екінші Экономикалық форумда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.

«Біз айтып отырған барлық ауқымды бағдарламаларға, соның ішінде индустрияландыру, ауыл шаруашылығы бағдарламаларына Қазақстан азаматтары қатыса алуы үшін, оларға біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік жасауымыз қажет», деді Үкімет басшысы.

«Елде бір іспен ғана айналысатын, біліктіліктері аса жоғары емес халық санаты бар. Олар елде жүзеге асырылып жатқан үрдістердің жемісін өздерінде сезе алмай қалуы мүмкін», - деді К.Мәсімов.

Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, қазір халықтың біліктілігін арттыруды мақсат тұтатын мемлекеттік бағдарлама әзірлену үстінде. Ол Елбасының тарапынан қолдау тапқаннан кейін жарияланатын болады.