Үкімет ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру аясында банктер игермеген қаржының пайыздық ставкасын көтеретін болады

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Үкімет ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер игермеген қаржының пайыздық ставкасын көтеретін болады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Банктердің бөлінген қаржыны тезірек игерулерін ынталандыру үшін бірқатар шаралар қабылданатын болады. Оның бірі - игерілмей қалған қаржылардың пайыздық ставкасы 8-ден 10 пайызға дейін көтерілетін болады. Игерілген қаржының ставкасы 8 пайыз күйінде қала береді», -деді Ө. Шөкеев. Оның айтуынша, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға бөлінген қаржының игерілу қарқыны бір аптада артқан. «Бір апта бұрын 1,5 млрд. теңге игерілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 4,5 млрд. теңгеге жетіп, үш есеге көбейді», - деді ол. Айта кетейік, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында мемлекет банктерге 120 млрд. теңге бөлген болатын.