Үкімет қаулысымен «Бұйратау» Мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы құрылды

АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат - Орталықазиялық-қазақстандық ұсақ шоқылардың бірегей экологиялық жүйесін сақтау мақсатында ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 11 наурыздағы №247 қаулысымен «Бұйратау» Мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы құрылды.

Қазақстандағы он екінші болып табылатын бұл ұлттық саябақты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң аулау шаруашылығы комитеті «Жасыл даму» қорының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында және БҰҰ Даму бағдарламасы Жаһандық экологиялық қордың «Дала экологиялық жүйесін сақтау және тұрақты басқару» жобасының қолдауымен құрылып отыр.

«Бұйратау» ұлттық саябағы Ақмола облысының Ерейментау ауданының аумағында 60 814 гектар және Қарағанды облысының Осакаров ауданында 28 154 гектар жерді алып жатыр.