ҮКІМЕТ ҚАЙДА ҚАРАП ОТЫР: Мемлекеттік сатып алулар бойынша тендер өткізу жауапкершілігінен басшылардың жалтаруы қағидаға айналған - М.Башимов

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - Мемлекеттік сатып алулар бойынша тендер өткізу жауапкершілігінен басшылардың жалтаруы қағидаға айналған. Мұндай пікірді бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте заң ғылымының докторы, сарапшы Марат Башимов білдірді.

«Бірінші басшылардың жауапкершіліктен жалтару мәселесі қағидаға айналған. Бірқатар басшылар тендерлік құжаттарға қол қойғылары, сонымен қатар тендерлік комиссияның басшысы болғылары келмейді. Дегенмен, Мемлекет басшысы: «Сендер не істеп жүрсіңдер? Сендер жауап бересіңдер. Мәселенің байыбына барыңдар. Бюджет ақшасына қатысты айтар болсам, сендер жеке жауап берулерің керек», - дейді. Меніңше, бұл барынша әділ», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылғы 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Н.Назарбаев мемлекеттік сатып алуларға тендер өктізудегі орын алып отырған тәжірибені сынға алған болатын. «Бірінші басшылардың өздері мемлекеттік комиссияның төрағасы болсын. Мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру бойынша бірнеше рет тапсырма берілді. Қазіргі уақытта заң жобасы әзірленуде, оны жеделдету қажет. Барлық бір үлгілі тауарлар конкурстарын, аукциондарын орталықтандыру керек. Жаңа заң мұны шешетін болады. Біріңғай ұйымдастырушыға мемлекеттік органдар үшін сатып алулар бойынша мамандар штатын берсін, осыған балама құрылымдар жергілікті деңгейде құрылсын», - деген еді Елбасы.