Үкімет «Қазпоштаның» ауылдардағы әмбебап қызметтерін субсидиялайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет «Қазпошта»-ның ауылдық жерлердегі әмбебап қызметтерін субсидиялау туралы шешім қабылдады. Бұндай ұсынысты сенаторлар көтерген болатын.

Бұл туралы бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлім етті. Комитетте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне пошта мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланған болатын.

«Үкімет поштаның әмбебап қызметтерін ауылдық жерлерде субсидиялау туралы ұсынысты қолдады. Сонымен қатар, республикалық бюджет комиссиясының отырысында пошталық әмбебап қызметтерді көрсету барысында орын алатын шығындарды жабу үшін бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлу туралы оң қорытынды шығарылды», - деді вице-министр.

Еске салайық, аталған ұсынысты заң жобасын талқылау барысында сенеторлар жасаған болатын. Бұл ретте депутаттар шалғайдағы ауылдық жерлерде пошта қызметі нарығының жалғыз қатысушысы «Қазпошта» Ұлттық операторы екенін алға тартқан еді.

Айта кетерлігі, Сенат бұған дейін «Пошта туралы» ҚР Заңын қабылдады.