«Бүгінгі қоғамда орын алып отырған мәселелерге көз жұма қарауға болмайды. Өйткені, қазіргі таңда бір топ азаматтар халыққа, билік басындағыларға Кеден одағының ел тәуелсіздігі мен егемендігіне қауіп төндіретінін айтып, үндеу тастап отыр. Жалпы, біз өткен жолы да Кеден одағына енуге қатысты жұртқа түсіндіру жұмыстарының бағдарламасын жасау қажеттігін еске салған болатынбыз. Осы тұрғыдан алғанда бұндай бағдарлама бар ма, болса ол бүгінгі мәселелерге жауап бере ала ма деген орынды сауал туады. Өйткені, Кеден одағына қатысты үндеуге қол қойғандардың басым көпшілігі еліміздегі қазақ тілді газеттердің бас редакторлары болып отыр», деді сенатор Төлеген Мұхамеджанов. Оның айтуынша, Үкімет Кеден одағының енуіне байланысты түсіндіру жұмыстарын шапшаң қолға алуы тиіс. Ал ондай түсіндіру жұмыстары нақты, түсінікті әрі қарапайым болуы шарт.
Өз кезегінде Қаржы министрі Болат Жәмішев Кеден одағына кірігуге қатысты өз ойын ортаға салды. «Жалпы, бізге Кеден одағына кірмеу, оған қарай талпынбау не береді? Біздің еліміз ондай одақтан бас тарта отырып, өзінің болашағын қалай қамтамасыз етпек? Осы тұрғыдан алғанда, Кеден одағына қарсы шығушылар тарапынан орынды еш жауап, ұғынықты түсінік ести алған емеспін. Ал одаққа енбей тұрып, біздің алдағы экономикамыз, оның бәсекеге қабілеттілігі мен шикізатқа бағдарлануынан қалай құтыламыз? Дәл осы мәселеге, яғни Кеден одағынынан бас тартып, басқа жолды таңдауға қатысты баспасөзде ешқандай да тұшымды мәселе көтерілген жоқ», деді Қаржы министрі.
Оның айтуынша, ДСҰ-ға Кеден одағы аясында қадам жасау Қазақстанның барлық әлеуетін арттыра түседі. «Бұл Қазақстанның келіссөздер үдерісі бойынша да ұстанымын жақсартады. Сондықтан да Кеден одағы арқылы ДСҰ-ға ену жолы көптеген кедергілердің жойылуына септігін тигізеді», деді Б. Жәмішев.