Атап айтқанда Үкімет, Арнайы экономикалық аймақтар туралы келісімнің жобасын және жақында Санкт-Петерборда өтетін Кедендік одақ комиссиясының отырысында қол қою үшін еркін қоймалар мәселелері туралы келісімнің жобасын, сондай-ақ Кедендік одақтың кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды алып жүруі тәртібі және олардың шығарылуымен байланысты кедендік операцияларды жүргізу туралы келісім жобасын мақұлдады.
Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың сөзіне қарағанда, «Қазақстан Рспубликасының халықаралық шарттары туралы» Заңның 11-ші бабына сәйкес, Қазақстан мен Ресей арасындағы Кедендік одақты құру аясындағы халықаралық шарттарды қолдану туралы шарт ратификациялауға жатады. «Қазақстан мен Ресей арасындағы Кедендік одақты құру аясындағы халықаралық шарттарды қолдану жөніндегі шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Үкіметінің тиісті қаулысының жобасы ескертусіз келісілді.
«2010 жылғы мамырдың 28-де Сант-Петербор қаласында Үкімет басшылары деңгейінде өткен кездесудің барысында Ресей мен Қазақстан арасындағы Кедендік одақты құру аясындағы халықаралық келісімдерді қолдану туралы келісімге қол қойылды. Біріншіден, аталған келісімге сәйкес, 2010 жылғы шілденің 1-нен бастап Қазақстан мен Ресей арасындағы Кедендік одақтың Кедендік кодексі мен оны іске асыруға бағытталған басқа келісімдер күшіне енеді. Бірыңғай кедендік аймақ әзірге Қазақстан мен Ресей арасында қалыптасып, осы мемлекеттер арасындағы өзара саудада тауарлар кедендік рәсімдеу амалдарынан алынып тасталынады. Екіншіден, енді Кедендік одақ комиссиясының барлық шешімдері тек қана консенсуспен қабылданатын болады. Бұған дейін консенсустық шешім тек Мемлекет басшыларының деңгейіндегі жиындарда қабылданған болатын. Үшіншіден, Бірыңғай кедендік аймақты екі елдің арасында құру импорттық кедендік бажды бөлу нормативтерін қайта қарауға әкелді. Нәтижесінде енді Қазақстанның үлесі импорттық кедендік баждың жалпы мөлшерінің 7,69 пайызын құрайтын болады. Келісімге сәйкес, Қазақстан мен Ресей 2010 жылғы шілденің 15-не дейін ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану саласын реттейтін халықаралық келісімге қол қояды», деді Ж. Айтжанова.