Үкімет «Қол жетімді баспана - 2020» бағдарламасын қабылдады

АСТАНА.  5 маусым. ҚазАқпарат -  Бүгін Үкімет отырысында «Қол жетімді баспана - 2020» бағдарламасы қабылданды.

«Елбасының жолдауына сәйкес бағдарламаның басты бағыты қол жетімді тұрғын үйге негізделген. Серік Ахметовтың басшылығымен 4 ай мерзімде жұмыс тобы тиісті шараларды атқарды. Осы мерзімде көптеген сұрақтар туындап, олар зерделенді. Енді бүгінгі Үкімет отырысы барысында бағдарлама айтарлықтай жеткілікті қарастырылғанын сезіп отырмын»,-деп атап өтті Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.

Осы тұрғыда Премьер-Министр, бірінші орынбасары С. Ахметовке бағдарламаның жүзеге асырылуын тыңғылықты бақылауда ұстауды тапсырды.

Үкімет отырысы барысында баяндама жасаған Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің басшысы Серік Нокиннің сөзіне қарағанда, бағдарлама аясында 2014 жылға қарай арендалық тұрғын үй құрылысын 1 млн. шаршы метрге жеткізу, сондай-ақ 2020 жылға қарай құрылыс көлемін 10 млн. шаршы метрге дейін жеткізу мақсаттары бекітіліп отыр.

Қол жетімді тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты Қазақстанда құрылысты индустрияландыру одан әрі қарай жалғасатын болады.