Үкімет «Қорғас» арнайы экономикалық аймағына байланысты барлық проблемаларды тыңғылықты қарайтын болады - ҚР Үкімет басшысы

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Үкіметте «Қорғас» арнайы экономикалық аймағына байланысты барлық проблемалар тыңғылықты қаралады. Бұл туралы бүгін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның алқа мәжілісінде ҚР Үкімет басшысы Серік Ахметов айтты.

Премьер-Министр өз сөзінде көліктік-логистикалық орталықтардың ұлттық желісін қалыптастыру шараларын жеделдету қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ Қытайдың Ляньюньган портында терминал инфрақұрылымы құрылысын және Ақтау портын кеңейту жұмыстарын аяқтау, «Қорғас» пен «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймақтары қызметтерін ұйымдастыру жұмыстарын белсендіру қажеттігіне назар аудартты.

«Қорғас - Шығыс қақпасы» мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Менің ойымша, біз ары кеткенде келесі айдың басында «Қорғас» еркін экономикалық аймағымен байланысты барлық проблемаларды тыңғылықты қарастырамыз», - деді С.Ахметов.

Осы ретте Үкімет басшысы «Қазақстан темір жолы» компаниясына өкілетті органдармен бірлесіп, өткізу шекара бекеттерінде вагондардың тұрып қалып фактілерін жою қажеттігін ерекше ескертті. «Бұл тасымалдау мерзіміне теріс әсер етеді әрі жүк жөнелтушіні шығынға ұшыратады», - деді ол.