Министрдің айтуынша, халық табысын қолдау мақсатында да бірқатар шаралар атқарылады. Мәселен, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сәйкес, 1 сәуірден бастап азаматтық қызметшілердің, дәрігерлердің, мұғалімдердің және мемлекеттік сектордың әлеуметтік саласындағы басқа да қызметкерлердің лауазымдық жалақысына 10% мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем енгізіледі.
«Зейнетақылық және мемлекеттік әлеуметтік төлемдердің мөлшерлері 5%-ға, бұл ретте 2014 жылдың басынан бергі жоғарылауды ескере отырып, тиісінше 14%-ға және 12%-ға дейін жеткізілетін болады. Ал атаулы әлеуметтік көмек - 12 %-ға дейін, студенттер шәкіртақылары - 10%-ға жоғарылайтын болады. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілеріне еңбекақы төлеу деңгейін 2015 және 2016 жылдардың 1 шілдесінен бастап 15%-ға жоғарылатуды көздейтін Президент Жарлығының жобасы әзірленетін болады», - деді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев.