Отырыс кезінде ҚР Парламенті депутаты Ирина Аронова ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысына Үкімет құзырына қатысты сауал жолдаған болатын.
"Конституциялық өзгерістерге сәйкес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттары бойынша Үкіметтің жауапкершілігі күшейтілуде. Мемлекеттік бағдарламаларды бекіту, қамтамасыз ету және орындау тұрғысындағы Үкіметтің жауапкершілігі артады деп көрсетілген. Біз бұны қолдаймыз. Себебі атқарушы билік өзі әзірлеген стратегиялық құжаттарға қатысты жауапкершіліктерді толық өз мойнына алуы тиіс. Аталмыш нормалардың тиімді жүзеге асырылуы үшін қандай шаралар қабылдануы тиіс?" - деді депутат.
Өз кезегінде, Жақсыбеков Конституцияға өзгерістер енгізудің өзі үлкен шара екенін атап өтті.
"Үкіметтің жауапкершілігі күшейтіледі. Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды өзі әзірлеп, өзі іске асырады. Құзырлары нақты белгіленеді, осылайша Үкімет өзге инстанцияларға жауапкершілікті арта алмайды. Біздіңше, бұл шара мемлекеттік бағдарламалардың сапасы мен тиімділігін арттыратын болады", - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқылануда. Отырыс басында ҚР Президенті баяндама жасады.