Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Үкімет «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңды әзірлеуді жеделдетуі тиіс. Бизнес үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту - басқа аспект. Нәтижелері де көңіл қуантарлық емес. Барлық лицензиялар алғашқы 30 пайызға қысқартылғаннан кейін 1015 рұқсат беру құжатының шамамен 700-і қалуы керек болатын, ал 2011 жылдың соңында жүргізілген түгендеу нәтижесінде, олардың саны қысқартылғанға дейінгіден де асып түсіп, 1137-і құрады», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, мемлекет аппаратын қысқартқанымен, шенеуніктердің, рұқсат беру процедураларын азайтқанымен олардың саны арта түсуде.
«Бұндай жұмыспен күні кеше ғана Парламенттің Үкіметке артқан сенімі ұзаққа бармауы мүмкін», - деді Мемлекет басшысы.
Алдағы кезең өте қиын әрі жауапты екендігін баса айтқан Н.Назарбаев: «Барлықтарыңызға Парламент және менің тарапымнан зор сенім артылды. Осы сенім үдесінен шығып, қуантыңыздар», - деді.