17:38, 23 Сәуір 2009
Үкімет мемлекеттік сатып алу мәселесінде жаңа заң жобасын әзірлеуі қажет ? Сенатор Т. Симамбаев
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет мемлекеттік сатып алу мәселесінде жаңа заң жобасын әзірлеуі қажет. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Тасбай Симамбаев осындай пікір білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің басым бөлігі дәл осы мемлекеттік сатып алу шараларына, министрліктер өткізетін тендерлерге қатысты жасалатыны белгілі болып отыр. Тіпті, жемқорлық індетіне бой алдырған бірқатар жас шенеуніктер тендерлерге қатысты заңды белден басқандықтан да істі болды. Сондықтан да, мемлекеттік сатып алу бағытын қайта қарау, бұндай жүйені түбегейлі өзгерту керек. Мүмкін барлық министрліктер мен ведомстволарға тендерлер өткізуді шектеп, оны бір ғана Президентке бағынатын агенттік немесе комитеттің құзырына беру жайын да қарастырған орынды болар. Бұндай тәжірибе әлем елдерінде бар. Ал тендерлік комиссиялар құрамына тәуелсіз қоғам қайраткерлерін, депутаттар мен БАҚ өкілдерін қатыстыру шарасын да қамту қажет», деді Т. Симамбаев. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық фактілерінің 60-70 пайызы мемлекеттік сатып алу әрекеттерінде көрініс табады екен.