Үкімет министрліктердегі комитеттер санын оңтайландыруы қажет - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет министрліктердегі комитеттер санын оңтайландыруы қажет. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Мен атап өтпеген әрі мемлекеттік органда қалатын барлық басшылар аппараттарын оңтайландыруы қажет. Аппарат ішінде қайталау болмауы тиіс. Үкімет те министрліктердегі комитеттер санын оңтайландыруы қажет»,- деді Елбасы.

Мемлекет басшысы министрлік құрылымында аумақтық бөлімшесі бар комитеттер ғана қалуы тиістігін баса атап өтті. Ал ондай құрылымдары жоқ комитеттер министрліктің департаменті ретінде қайта құрылуы қажет.

«Осыған орай Үкіметке осы шешімдерден туындайтын барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын. Жергілікті өзін өзі басқаруды реформалаудың келесі кезеңінде өзін өзі басқару органдарының қаржылық-экономикалық дербестігі үшін мығым негіз құруды қарастыру қажет», - деді Н.Назарбаев.