Үкімет мүгедектерді оңалту мен оларды қоғамға кіріктіруге баса назар аудара бастады

ТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгінгі күні елімізде мүгедектік пен олардың проблемаларына көзқарас өзгерді. Егерде Үкімет бұған дейін осы мәселеге уақытылы төлемдерін төлеу, оның мөлшерін арттыру тұрғысынан қарап келген болса, қазіргі күні мүгедектер мәселесінде ең алдымен оңалту мен қоғамға кіріктіруге баса назар аударыла бастады.

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, биыл 2009 жылы бастау алған әлеуметтік қызмет реформасының бірінші кезеңі аяқталып отыр. «Мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға байланысты соңғы он жыл ішінде жетіден астам заң қабылданды. Бұлар бірінші кезекте азаматтардың еңбек ету қабілетінен айырылу қатерінің алдын алуға, екіншіден мүгедектікке ұшыраған жағдайда адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру мен қолдауға, оның ішінде оңалтуға бағытталған. Бұдан бөлек, 2008 жылы Елбасының Жарлығымен мүгедектердің құқықтары мен оның хаттамасына қол қойылды. Бұдан басқа, біз мемлекеттік мекемелермен, халықаралық ұйымдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп отырып, алдағы уақытта атқарылатын Ұлттық іс-қимылдар жоспарын әзірледік», - дейді министр.

Оның айтуынша, министрлік ең өзекті мәселенің бірі ретінде мүгедіктікке ұшырау қатерлерінің алдын алуға бағытталған жұмыстарды жандандыра түсетін болады. «Ұлт денсаулығын нығайту мен мүгедектікке әкеп соғатын патологиялардың таралуын азайту. Бұл шараларға тек Денсаулық сақтау министрлігі ғана емес, басқа да мемлекеттік органдардың белсенді іс-әрекеттері қажет етіледі. Кәсіптік аурулар мен өндіріс жарақаттарын, жол-көлік апаттарының санын азайтудың маңызы зор», - дейді Г. Әбдіқалықова.