Үкімет нақтылаған бюджет жобасы жұмыссыздық дағдарысының алдын алуға бағытталады

АСТАНА. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Үкіметі «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Жалпы, бұған дейінгі жылдарда да Парламент қабылдаған бюджет Үкіметтің ұстанған саясатына байланысты әрі Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жыл сайын тағы бір нақтыланып тұратын. Экономикалық өрлеу кезеңдерінде ондай нақтылаулар оң бағытта өрбіп, қазына шығыстары арта түсуші еді. Ал қазіргі әлемдік экономикада қалыптасқан дағдарыс жағдайы шаруашылықтың жай-күйіне, жалпы тұрмысқа, сондай-ақ мемлекет бюджетіне де өз түзетулерін енгізіп отыр. Сонымен бірге, Үкіметтің мақұлдаған бюджет жобасы Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған бағдар бойынша жүзеге асатыны белгілі. Атап айтқанда, қазынаның кіріс бөлігі бұған дейін дәстүрлі түрде Ұлттық қорға аударылып келген шикізат секторының табыстарынан толығумен қатар, бюджеттің барлық шығыстық баптары бойынша қатаң үнемдеу шаралары арқылы жүзеге асатын болады. Елбасы бұл жайында Үкіметке республикалық бюджет шығындарын оңтайландыруды және апта сайынғы мониторинг режімінде бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жіті бақылауды тапсырып, ысырапқорлыққа жол бермей үнемдеу мәселесін нақты атап өткен болатын. Бұнымен қоса, Елбасы барлық басым емес шығындарды ? әкімшілік, инвестициялық және басқа да шығындарды ? нөлге теңестіруді айтқан. Ал кіріске енетін қаражаттың барлығы ең алдымен жұмыспен қамту стратегиясын орындауға жұмсалатын болады. Әлемдік экономикалық дағдарыстың әлеуметтік, оның ішінде жұмыссыздық дағдарысына айналып бара жатқанын көз көріп отыр. Сондықтан да, Үкімет биылғы жылды жұмыссыздықпен күреске бағыттайтыны айқын. Бұл нақтыланған бюджет жобасынан да көрініс тапты. Тоқтала кететін жайт, өткен жылы Парламентте 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланған уақытта, Мәжілісте қаралған құжат Сенатқа жетпей жатып Үкімет тарапынан өзгерістерге ұшыраған болатын. Бұндай мәжбүрлік экономикалық дағдарыс салдарынан туындайтын күнсайынғы өзгерістерге тәуелді болды. Сондай-ақ Үкімет сол бюджетте халықаралық сарапшылардың бағалауларын ескеріп, бұрынғы ұсынылған макроэкономикалық болжамдарды төмендетіп, қайта қараған еді. Мәселен, былтыр Мәжіліс мақұлдаған жобада мұнайдың әлемдік бағасы 1 баррель үшін 60 доллар ретінде қарастырылған болса, Сенатқа жеткен кезде Үкімет ұсынысымен мұнай бағасы - 2009 жылы 40 доллар, одан кейінгі жылдар үшін 50 доллар деңгейінде жедел өзгертілген еді. Ал бүгінгі Үкімет бекіткен бюджет жобасы әлемдік экономиканың кері өзгерістеріне және Елбасы Жолдауында айқындалған бағдарға ұштастырылып отыр. «Қазіргі кезде өзге елдердегі секілді еліміздің экономикасы басқа кезеңде тұр. Осыған орай барлық мемлекеттер өздерінің бюджеттік көрсеткіштері мен мүмкіндіктерін қайта қарастырып жатыр. Егер де біз өзімізде жоқ қаржыны бюджетке орналастыратын болсақ, онда мүлдем басқа жағдайға тап боламыз. Сондықтан қиын болса да осындай қадамға барып отырмыз. Атап айтқанда, жаңа бюджетте осыған дейін айтылып келген барлық әлеуметтік шығыстар сақталып қалады. Сондай-ақ құрылысы басталған нысандардың жұмысы жалғасады, ал шамалы уақыт күтуді қажет ететін нысандар тоқтай тұрады. Жағдай жақсара түссе, тағы да қаржыландырамыз», деді Үкімет басшысы. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, әлемдік жағдайдың шапшаң өзгеріп, күн сайын құбылып отыруына байланысты үшжылдық бюджеттің негізгі параметрі тек 2009 жылғы болжамдар бойынша ғана түзетілген. Ал кейінгі жүйелі өзгерістер 2010-2012 жылдарға арналған үшжылдық бюджет туралы жаңа заң бойынша көрініс табады. Сонымен, ағымдағы жылғы бюджет жобасында мұнай бағасының болжамы өзгеріссіз 40 доллар деңгейінде қалдырылды. 2009 жылғы жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі базалық сценарийлер бойынша 1 пайыз деңгейінде болжанады. Бұл көрсеткіш бұрын белгіленгеннен 1,7 пайызға төмен болып отыр. Министрдің түсіндіруінше, жалпы ішкі өнім көрсеткішінің төмендетілуі өнеркәсіп өнімдерінің азаю қарқынына, қызмет көрсету мен құрылыс жұмыстарының шабандауына қатысты болып отыр. Ал инфляция деңгейі теңге девальвациясын есепке алғанда, 2009 жылдың соңына таман 11 пайыз шамасында болжанады да, бұл көрсеткіш 2013 жылға қарай 5,5-5,7 пайыздық дәлізде сақталады. «Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жекелеген шығыстарды жалпы сомасы 297,4 млрд. теңге шамасында арттыру қарастырылды. Оның ішінде өңірлік жұмыспен қамту мен кадарларды қайта даярлауға - 140 млрд. теңге, Еуразия экономикалық қауымдастығының Дағдарысқа қарсы қорын құруға Қазақстанның үлестік қатысуы үшін - 15 млрд. теңге, тұтыну бағасының өсуіне қатысты әлеуметтік төлемдерге бағытталған шығыстарды индексациялауға - 3,2 млрд. теңге, мемлекеттің халықаралық міндеттемелерін орындау үшін курстық айырмашылықтарды жабуға - 6,1 млрд. теңге, Астана қаласының проблемалық мәселелерін шешуге, оның ішінде құрылыс секторы мен Азиада іс-шараларының біраз бөлігі елордаға ауыстырылуына байланысты - 79,2 млрд. теңге бөлу көзделмек», дейді Б. Сұлтанов. Жалпы, бюджеттің шығыс және кіріс бөлігіндегі шығындар өтемақысына 668,5 млрд. теңге жұмсалатын болады. Ал бұндай шығындарды жабу Елбасының жолдауында көрсетілген жолмен жүргізіледі. Атап айтқанда, Ұлттық қордан нысаналы трансферттер ретінде құйылатын қаражат 347,9 млрд. теңге шамасында болжанады. Екіншіден, бюджеттің жекелеген шығыстарын оңтайландырудан 320,6 млрд. теңге тартылады. Нәтижесінде 2009 жылғы бюджет түсімдері 2 трлн. 837,4 млрд. теңге болып нақтыланды. Бұл бұрынғы бекітілген бюджеттен 23,4 млрд. теңгеге кем болып отыр. Ал бюджет шығыстары 21,2 млрд. теңгеге қысқартылып, 3 трлн. 411 млрд. теңгені құрайтын болады. Бюджет тапшылығы 573,6 млрд. теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 3,4 пайызына тең. Үкімет бекіткен бюджет алдағы уақытта Парламентке жолданып, Мәжіліс пен Сенаттың сүзгісінен өткеннен соң қабылданады.