14:56, 01 Сәуір 2009
Үкімет нашақорлыққа қарсы ауқымды соғыс ашты - К. Мәсімов
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет нашақорлыққа қарсы ауқымды соғыс ашты. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тоқтала кететін жайт, бюджет жобасын талқылау барысында депутаттар тарапынан жастар саясатына қатысты бөлінетін қаражатқа назар аударылып, бірқатар бағыттағы шығыстардың қысқаратынына алаңдаушылық білдірілген болатын.
Өз кезегінде Үкімет басшысы қолданыстағы бюджетте жастар саясатына қатысты қаражаттың қысқармағанын айтып, керісінше жастарды жұмыспен қамтуға бюджеттен қосымша 8,6 млрд. теңге бөлінетінін жеткізді. «Мен кешегі Үкіметтің отырысында еліміздегі есірткімен күрес жұмысына баса назар аудардым. Орынбасарым С. Ахметовке жұмыс тобын құрып, бір ай ішінде осы мақсаттағы арнайы бағдарлама әзірлеуді тапрсырдым. Жалпы, Үкімет нашақорлыққа қарсы ауқымды соғыс ашты деп біліңіздер. Бұндай іспен айналысатындардың күні қараң, оның ішінде өз ішіміздегі «погонды» қылмыскерлерге аяушылық болмайды. Сондықтан бұндайлардың оң құлақтарымен естігенін қалаймын. Әрине, бұл жұмыс ресурстарды, заңнамалық қамтуды қажет етеді. Сондықтан да, бір айдан кейін Парламентке осы мәселе бойынша арнайы келуіміз мүмкін», - деді К. Мәсімов.