Үкімет отандық өнімнің абыройын қорғамақ - Апталық шолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптаның басында ҚР Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланып, ол еліміздің әлемдік дағдарыс жағдайындағы іс-қимылдарына арналды. Мемлекет басшысы Жолдауын республикалық телеарналар тікелей эфир тәртібінде таратты.

«Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырады. Бүгінгі ахуал - біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз - бәріміз үшін, бәріміз - біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар - уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз - елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бүгін жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын Қазақстан халқына Жолдауымды жария етпекпін»,-деп бастады Елбасы.

Президент өз сөзінде дағдарысқа қарсы екі жоспар әзірленгенін, ол дәйектілікпен жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық қиындықтарды еңсерудегі зор да табысты тәжірибеміз. «Қазіргі жаһандық дағдарыс біздің басымызға күтпеген жерден келіп түскен жоқ. Мен жаңа толқынның қайткенде де келіп соғатынын талай рет айтқанмын. Бұл жолы Қазақстан дағдарысқа қарсы алдын алу стратегиясын алғаш рет қолданып отыр. Біріншіден, біз қазірдің өзінде индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын бастадық, яғни шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз. Екіншіден, біз «Нұрлы Жол» Мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасын қабылдадық. Дағдарысқа қарсы шаралардың маңызды аспектісі ұлттық валютамыз теңгенің еркін бағамға көшуіне байланысты болды»,-деп тоқталды Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы, үшіншіден, «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырылып жатқанын айта келе, Парламент Ұлт жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету үшін жұмыс істегенін еске салып өтті.

Шынында да шағын және орта кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілер жойылуда, мемлекеттік басқару, білім беру мен денсаулық сақтау жетілдірілуде. Осы шаралардың бәрі де мемлекетке, қоғамға еліміздің экономикамысына қосымша төзімділік береді.

«Менің тапсырмам бойынша, бұған дейін мен айтқандай, мұнай бағасы барреліне 30-ға дейін және 20 долларға дейін төмендеген жағдайларға ойластырылған іс-қимылдар нұсқасы әзірленді», - деп атап өтті Президент.

Н. Назарбаев дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын жариялап, тиісті тапсырмаларды жүктеді. Осы бағыттардың ішінде қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық саясаттың негіздері, жаңа әлеуметтік саясат қамтылып отыр.

«Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда - 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі - 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкерлерінің түрлі категорияларына қатысты сараланған тәсіл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейміз. 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады. Бұл мақсаттарға қаржыны біз бюджеттік шығындарды оңтайландырғаннан кейін үнемдейміз. Осылайша біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерімізді орындаймыз!»,-деп қадап айтты Мемлекет басшысы.

Мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесі жетілдіріледі

Қазақстанда мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар әрі қарай жалғасады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осы аптада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысында хабарлады.

Т. Дүйсенова биылғы жылы Қазақстандағы мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары екінші кезеңін жүзеге асыру шараларының аяқталатынын мәлім етті.

«Жоспардың екінші кезеңін жүзеге асыру барысын сипаттай отырып, Қазақстанда жалпыұлттық деңгейде кең көлемді міндеттер айқындалғанын атап айту керек. Қоғамның мүгедектерге деген қарым-қатынасында айтулы оң өзгерістер бар. Бұл - қоғамның мүгедектік мәселелеріне деген көзқарасының белсенді түрде өзгеруіне себепші болатын жағымды фактор. Сонымен қатар 2016-2018 жылдарға арналған үшінші кезеңнің жобасы әзірленді. Мүгедектердің құқығы туралы Конвенцияны ратификациялаудың мемлекет алдына жаңа міндеттерді қоятынын ескере отырып, үшінші кезең мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесін халықаралық стандарттар мен ережелерге сәйкес әрі қарай жетілдіруге мүмкіндік береді», - деді ол.

Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова жиынға қатысушыларды жоспардың 2016-2018 жылдарға есептелген үшінші кезеңінің жобасымен таныстырды. Оның негізгі мақсаты - мүгедектігі бар тұлғалар өмірінің барлық салаларында нысандар мен қызметтердің қолжетімділік механизмдерін жетілдіру.

«Үшінші кезеңнің аясында мүгедектердің құқығын қорғау мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы әрі қарай жетілдіру жоспарланып отыр. Көліктік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады. Мүгедектікті ескерту мен алдын алу шараларына баса назар аудару жоспарланған. Сонымен қатар инклюзивті білім беруді әрі қарай дамыту, арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің біріктірілген үлгісін енгізу, мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен белсенді түрде қамту шаралары қарастырылып отыр. Олардың мәдени, спорттық шараларға қатысуына, демалыс пен бос уақыттарын өткізуге жағдай жасалатын болады. Қоғамның мүгедектігі бар тұлғаларға деген жағымды қарым-қатынасын қалыптастыру мақсатында мүгедектердің құқығы туралы Конвенцияны ұстануды бақылау механизмін енгізу және мүгедектерді қоғамға бейімдеу мәселелерін БАҚ-та түсіндіру шаралары жоспарланып отыр», - деді С.Жақыпова.

Вице-министрдің айтуынша, үшінші кезеңді жүзеге асыру үшін 6,8 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 3,9 млрд. теңге, жергілікті бюджеттерден 2,9 млрд. теңге қаражат қарастырылып отыр.

Сондай-ақ жиын барысында құрылыс нормалары мен ережелерін сақтауда мемлекеттік бақылауды күшейту, қолжетімді ортаны қамтамасыз ету талаптарын жетілдіру, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту, мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивті білім беру орталарына қосу, БАҚ арқылы қоғамның мүгедектік мәселелеріне деген оң көзқарасын қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

Отандық өнімдер басты назарда

Бұл аптада «Ұлы Дала елі» отандық тауар өндірушілердің І форумы өтіп, оған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қатысты.

«Самұрық-Қазына» қоры мен отандық тауар өндірушілер арасында ұзақ мерзімді шарттар жасау мәселесіне тоқталған ол, «Бұл жұмысты біз жыл басынан бері жүргізудеміз, яғни наурыздан бастап осы шараларға белсенді түрде кірістік. Атап айтқанда, наурыздан қараша аралығында триллион теңгеге ілгерілеушілікті көрсеттік. Яғни, жыл басында «Самұрық-Қазына» желісі бойынша ұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді келісімшарттар 3,3 трлн. теңге көлемінде жоспарланған болса, біз бұл көрсеткішті 4,2 трлн. теңгеге жеткіздік. Менің ойымша, жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш арта түспек және осы жұмыстар ары қарай жалғасады»,-деді Б. Сағынтаев.

Осы орайда ол бұл бағыттағы қиындықтарды еңсеру жеңіл болмағанын атап өтті.

«Қағаз түріндегі кедергілер өте көп жазылған. Яғни, түрлі нұсқамалар мен ережелер, шешімдер, холдингтің ішіндегі хаттамалар қамтылған және оларды өзгерту үшін тиісті қадамдар жасалды»,-деді Б. Сағынтаев.

Бұдан бөлек ол қазақстандық өнім ретінде жалған безендірілген тауарларды анықтауға мән берілетіндігін атап өтті. Яғни, ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия қазақстандық таңбамен шығарылып жатқан шетелдік тауарлардың тасымалына тосқауыл қоймақ.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысы бойынша біз Үкіметте ведомствоаралық комиссияны құрдық. Бұл комиссия өз кезегінде өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымы мәселесімен айналысады. Комиссияның бірінші отырысын өткен аптада өткізіп, онда контрафактілі аккумуляторлар мен кабельді өнімдерді жеткізу фактілері қаралды. Біз еліміздің нарығына заң бұзушылықтармен келіп жатқан тауарлардың жолын қатаң түрде кесетін боламыз», - деді Б. Сағынтаев.

Оның сөзіне қарағанда, жақында Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің отырысында монополияға қарсы саясатқа жауап беретін ЕЭК алқасының мүшесі Нұрлан Алдабергенов беларустық сүт өнімдерін өндірушілер өздерінің қаптамаларын қазақстандық өндірушілер ретінде безендіріп жатқандығын хабарлады.

«Олар өнімдеріне қазақша атау беріп, ұсақ әріптермен Белоруссияда өндірілгені туралы жазады. Алайда біз осы өнімдерді алған кезде ұсақ жазуларға қарамайтынымыз анық. Біз тек атауына ғана мән береміз. Кейбір жерлерде «Ұлы Дала» деген сөздер де кездедеседі. Комиссияларда осындай жағдайларға жол бермеуіміз керек», - деді ол.

Қазақстан бағаны реттеуден бас тартады

Қазақстанда 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап бағаны реттеу алынады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлімдеді.

«2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, арнайы өтпелі кезең береміз. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, доминанттар тізілімінде жоғары шоғырландырылған нарықтарды ғана қалдырамыз. Бұл - бәсекелестігі жеткілікті дамымаған өте жоғары шоғырланған нарық. Ал, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, бағаны еркіндікке жібереміз, бірақ оны күллі әлемде қолданылып жүрген монополияға қарсы реттеу құралымен алмастырмыз. Яғни, біз баға бойынша сөз байласқан, үстем жағдайды теріс пайдаланған, монополиялық жоғары баға белгілеген жағдайлар үшін жазалайтын боламыз. Бұл өте күрделі жұмыс, десек те күллі әлем осы бағытта әрекет етіп отыр», - деді журналистердің сұрағына жауап берген С. Жұманғарин.

Ол 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, бағаны реттеу монополияға қарсы реттеу құралына ауыстырылатындықтан алынатынын нақтылады. Сонымен, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, нарық доминаттарының тізілімі жоғары шоғырландырылған (реттелген) нарық субъектілеріне қатысты ғана жүргізілетін болады. Ал, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, тізілім мүлде болмайды.

«Өйткені (кез келген) бағаны реттеу - бұл бизнес үшін кедергі. Экономиканы дамыту үшін бәсекелестікті дамытудан басқа балама жоқ», - деп түсіндірді ол.

С. Жұмағариннің атап өтуінше, бәсеке - бағаны тұрақтандырудың, кез келген бизнестің негізі. «Бүгінгі таңда бағаны реттеу құрылымында табиғи монополия субъектілерінен басқа реттелетін рыноктар да бар. Бұл теміржол тасымалы, азаматтық авиация (ішкі тасымалдар), газбен және электр энергиясымен қамту, т.б. Жақында біз ішкі әуе қатынастары саласын реттеуден бас тарттық, өйткені төртінші әуе компаниясы құрылған болатын. Сол бағыттар бойынша баға прецеденттері бар. Бағаны реттеуден шығарғанымызға қарамастан келесі күні әуе тасымалында бағаның көтерілуі байқалған жоқ», - деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек, баспасөз мәслихаты барысында Серік Жұманғарин бірқатар компанияларға ымыраласып баға көтергендері үшін 220 млн. теңгеден астам айыппұл салынғанын хабарлады.

«Ағымдағы жылдың 13 қарашасында бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекет белгілері бойынша «ҚМГ Өнімдері», «Гелиос» және «Sinooil» компанияларына қатысты тергеу амалдары аяқталды. Айыппұлдың болжамды көлемі 220 млн. теңгеден астамды құрайды»,- деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, комитет жанар-жағармайдың босату құнын арттыруға байланысты монополияға қарсы реттеу шараларын қабылдауы аясында 23 субъектіге тергеу амалдарын тағайындаған.

«Шағын және орта бизнес субъектілеріне бағаны келіскені үшін алған табыстарынан 3, ірі бизнеске 5 пайыз мөлшерінде айыппұл салынды»,- деді С.Жұманғарин.