Үкімет отырысы: ТЖМ жеті айда ШОБ субъектілерін тексеруді 48 пайызға азайтты

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі ағымдағы жылдың 7 айында шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруді 748 пайызға азайтты.

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында аталған ведомствоның басшысы Владимир Божко айтты.

Оның атап өтуінше, Төтенше жағдайлар миинстрлігі өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілерін 2011 жылға қарағанда 12 пайызға аз тексерген. Әкімшілік қысымды төмендету аясында рұқсат беру құжаттары 86 пайызға қысқарған.

«Ағымдағы жылдың 7 айының ішінде біздер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тексерулерді 48 пайызға кем жүзеге асырғандығымызды атап өткім келеді», - деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, тексерулердің 15 пайызы жоспарлы, ал 76-сы жоспардан тыс жүргізілген.

«Біз талапты күшейттік. Салынған айыппұл саны 24 пайызға өсті. Дегенмен, толықтай алғанда өрт саны - 17, қауіпті өндірстердегі өлім-жітім - 38, ауыр салдары бар жарақаттану 43 пайызға төмендеді»,- деді В.Божко.