Үкімет отырысында Қарағанды облысының әкімі Шахан кентінде апатқа ұшыраған үй жайында есеп берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Шахан кентінде апатқа ұшыраған көппәтері тұрғын үй жайында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мамандандырылған ұйым бұл үйдің үш подъезі одан ары пайдалануға жарамды деген қорытынды шығарды. Қираған төртінші подъездің сол жақ қанатының техникалық жай-күйі «шектеулі жұмысқа қабілетті» деп, ал оң жақ қанаты апатты және бұзылуға жатады деп бағаланды. Қирандыларды тазалау аяқталды. Төртінші подъездің ілініп тұрған құрылғыларын бұзу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін біз бірінші қабатын аяқтаймыз, тек жертөлесі ғана қалады. Осыдан кейін аталған подъезді нығайту үшін құрылыс жұмыстарына көшеміз. Бұл подъездің 13 пәтерінен 4 пәтердің иесіне баспана берілетін болады. Жөнделіп, қайта қалпына келтірілген қалған пәтерлерге тұрғындар көшіп барады», - деді әкім.

Оның айтуынша, үйден тысқары қазандық орнатылып, 7 қаңтар күні жылу берілген. Үш подъездің тұрғындары өз пәтерлеріне оралған.

«Өкінішке орай 9 адам қаза тапты. 4-6 қаңтарда біз қаза тапқан азаматтарды жерлеумен байланысты барлық шараларды атқардық. Екі адам түрлі жарақатпен травматология клиникасында жатыр. Жағдайлары тұрақты, оңалу белгілері байқалады», - деді Әбдібеков.

Оның сөзіне қарағанда, 4 қаңтарда  апат салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған жеке қайырымдылық қоры ашылды. Түскен қаражат зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету үшін берілетін болады. Бүгінгі күні қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге  9 млн. теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді.

«Төтенше жағдайдың себебін анықтау үшін тергеу комисиясы құрылды. Ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғап, сәйкесінше тергеу амалдары жүргізілуде. Жоғарыда аталған шаралардың барлығы да Шахан кентіндегі төтенше жағдайды жою жөніндегі облыс бекіткен жоспар аясында жүргізіліп жатыр», - деді ол.