Үкімет отырысында қазақстандық фермер комбайндарға қатысты өз пікірін білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысына қатысқан Қарағанды облысы фермерлері одағының төрағасы Игорь Жабяк ауыл шаруашылығында көршілес елдердің комбайнынан гөрі үздік шетелдік техниканы алуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, отырыс барысында И. Жебяк саладағы атқарылып жатқан шаралар бойынша баяндама жасаған болатын. Кейін баяндамасын тоқтатып, алаңдатып жүрген мәселерін жайып салды.

«Біз фермелермен ауыл шаруашылығы техникасы бойынша көп пікір алмасып келеміз, олардың арасында Ресейдің, Беларусь, Польша және Германиядағы диқандардың да пікірін білдік. Неге Ресей мен Беларусьтің фермерлері  «John Deere» , «Claas» компанияларының егін отырғызатын кешендерін немесе егін оратын комбайндарын падаланады? Неге біз ресейлік комбайндарға ауысуымыз керек? Осы орайда ресейлік комбайндарды аталған компаниялардың техникасымен салыстыруға келмейтіні анық. Атап айтқанда, бүгінде  үлкен егіс алқаптарын тиімді түрде игеріп, егін орағы науқанын шығынсыз өткізуді мақсат етеміз. Мәселен, «John Deere» комбайны 5-6 «Енисей» немесе «Дон» комбайндарын алмастыра алады. Сондықтан бүгінде техникамен қамтамасыз ету шараларында алдағы жоспарларды пысықтап шыққанымыз абзал», - деп ойын білдірді Игорь Жебяк.

Өз кезегінде ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қарағанды облысы фермерлері одағының төрағасы алдын ала дайындалған баяндамасына қарағанда, өз ойымен проблемаларды жетік жеткізгенін атап өтті. «Сіз қағазсыз барлығын жақсы әрі дұрыс айтып бердіңіз. Егер қағазға алдын ала жазылғанды оқысаңыз, олай болмас еді»,-деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Айта кетейік , ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі проблемаларды шешу карталарын әзірледі. 

Олардың арасында агроөнеркәсіптік кешенді қарқынды техникалық қайта жарақтандыру картасы да қамтылған.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, АӨК-ті қарқынды техникалық қайта жарақтандыру Картасы аясында  түпкілікті мөлшерлемесі  5%-ға дейін  отандық ауыл шаруашылығы өндірісіне  жеңілдетілген несие беру бағдарламасын енгізу көзделіп отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникаларын қарқынды қайта жарақтандыру мақсатында  отандық техникаларды сатып алу үшін инвестициялық субсидиялар механизмін өзгерту ескерілген, бұл ретте ол сатып алушыға емес, зауытқа төленеді. Ал өз кезегінде зауыт субсидия сомасында техниканы сатып алуға жеңілдік береді. «Жалпы, 2021 жылға дейін жеңілдікті несиелеуге 217 млрд теңге қажет болады. Қаржының қайтарымдылығы есебінен ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартудың оңтайлы деңгейін қамтамасыз етпекпіз», - деді ол.

«Тозығы жеткен техниканы пайдалану мен жанар-жағармайға жұмсалатын шығындардың шамамен 20 пайызға артуына және ең бастысы, жалпы жиналымның шамамен 14 пайызын немесе шамамен 200 млрд теңгені жоғалтуға әкеліп соқтырады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасы бойынша 20 отандық өндіруші 30 пайыздан жоғары емес деңгейде жүктелген, ал импорт көлемі өндіріс көрсеткішінен екі еседен астам артықтау. Егер де үлкен комбайндар мен тракторлардың импортын алмастыруға уақыт қажет болса, онда қазіргі мерзімде «шағын механизация», яғни топырақ өңдейтін әрі жем-шөп дайындайтын техника бойынша жағдайды өзгертуге қауқарлымыз. Тек осылар бойынша импорт жылына 60 млн АҚШ долларын құрап отыр», - деді вице-министр.