Үкімет отырысында Сочи олимпиадасына дайындық барысы қаралады

АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - 5 желтоқсанда Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өтетін Үкімет отырысында Қазақстан құрамасының Сочи олимпидасына дайындығы мәселесі қаралады. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев Қазақстан Республикасы құрама командасының 22 қысқы олимпиада ойындарына дайындығы барысын баяндайтын болады. Қазақстан қысқы спорт түрлерін дамытуға баса назар аударып отырғандығына тоқталған А. Әбибуллаев: «Сочиде өткелі отырған олимпиадада ұлттық құрамамыз жеңісті күндерімен қуантады деген үміттеміз», - деді.